Бұған дейін өртенген ормандарға байланысты жаппай тергеу жұмыстарын жүргізу қажет - Өмірзақ Шөкеев

АСТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бұған дейін өрт құшағына оранған ормандарға байланысты жаппай тергеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Бұл туралы бүгін Үкіметтегі селекторлық кеңесте Бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев айтты.

«Ауа-райының аптап ыстық болуына әрі Ресейдегі орын алған төтенше жағдайға байланысты жергілікті билік байыпты ойланып, жинақы болуы керек», деп атап өткен ол республикадағы ормандардың 80 пайызы - әкімдіктердің, ал 20 пайызы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығының қарамағында тұрғандығын еске сала кетті. Осыған орай ол барлық әкімдіктер белгілі бір штабтар құру керек деген ойын алға тартты. Сондай-ақ әрбір орман шаруашылығынағы өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлға тағайындау қажеттігін баса айтқан Ө.Шөкеев, «біз бұл жақтан АШМ, ТЖМ, ІІМ және Қорғаныс министрлігінің өкілдерін іс-сапарға жіберуге дайынбыз. Барлық орман шаруашылықтарына өрт қаупі бар маусымға дайындығына жаппай тесеру жұмыстарын жүргізу қажет. Оның ішінде жанар-жағармайға, хабарландырулар жүйесіне, әсіресе, ормандардағы мұнараларға тексеру жүргізу керек. Жалпы ормандарда мұнаралар бар ма? Болса ол мұнараларда күндіз-түні бойғы кезекшілікті ұйымдастыру керек», деді.

Бірінші вице-премьер сонымен қатар бұған дейін өрт құшағына оранған ормандарда тергеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін баса айтты. «Бүгін мәлімденген ақпараттарға қарағанда, мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 50 өрт тіркеліп, 25 гектар жер жанды. Ал Басаман орман шаруашлығында 5 өрт орын алып, 1900 гектар өрт құшағына оранды. Бұл өрттен гөрі жоспарлы іс-шараға көбірек ұқсайды. Бұндай фактілердің орын алғаны да жасырын емес. Шенеунікті жұмыстан босатқан дұрыс, бірақ бұл мәселеге байсалды қараған жөн», деді ол өз сөзінде.