Бұған дейін әйел құқықтары мен мүддесі қорғалмаған еді — адвокат

АСТАНА. KAZINFORM — Адвокат Айжан Жауенова Сенат мақұлдаған әйел құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңға пікір білдірді.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Бұл заңның қабылдануына Президентіміз тікелей ықпал жасағаны белгілі. Жалпы, балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырау проблемасы кеше ғана пайда болған жоқ. Осы салада жүргенімде соттар кәмелетке толмағандарға көрсетілген зорлық-зомбылық пен зорлау фактісі бойынша қылмыстық істі қысқартқан кездері болды. Содан кейін педофилдер қайта қылмыс жасаған деректер де кездесетін. Өйткені, соттарда қылмыскерге ауыр жаза тағайындауға мүмкіндік болмады. Себебі ол қылмыстың санкциясы ауыр жазаға рұқсат бермей келді. Ал жаңа заң ондай қылмыскерлерге ең жоғары өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы белгіленіп отыр. Еліміздің болашағы балалар десек, онда мемлекет балалардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға барын салуы керек. Қоғамда балаларының амандығын ойлап уайымдайтын, ешқайда жібермей отыратын ата аналар көбейді. Баланың қауіпсіздігіне сене алмаймыз», — деді ол агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Оның айтуынша, бұл заңның қабылдануы дұрыс қадам болды. Дегенмен, басқа да жұмыстар қолға алынуы тиіс. Тек жазамен қорқыту арқылы түйінделген мәселені шешу өте қиын.

«Бұл заң дұрыс әрі уақытылы қабылданды деп ойлаймын. Жалпы, мұндай проблемаларды шешу үшін тек мемлекет қана емес, сонымен бірге әр отбасы балаларына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, отбасылық құндылықтарды дәріптеу арқылы атсалысуы тиіс. Сонда ғана нақты оң нәтиже болады», — деді адвокат. 

Сонымен қатар ол заңда әйелдердің құқықтарын қорғауға да баса мән берілгенін атап өтті. 

«Бұған дейін әйел құқықтары мен мүддесі қорғалмаған еді. Қаншама әйел отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болғаны да бізге беймәлім. Алайда, дәл осылай әрі қарай өмір сүру мүмкін емес екені анық жайт. Ал Сенат мақұлдаған заңдағы өзгерістер соның нәтижесі. Соңғы 2 жылда отбасылық зорлық-зомбылықтан қаза тапқандар саны артқанын құзырлы органдар айтып келеді. Енді мұндай озбырлар әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Бұл зорлық-зомбылыққа ұшырайтын әйелдер санын еселеп қысқартатынына сенемін», — деді Айжан Жауенова.

Айта кетейік, кеше Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданған еді.