Осы орайда осыған дейінгі Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын кімдер алып шыққанын тағы бір мәрте еске түсіріп, қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.
Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы жазғы Олимпиадасы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен еді. Онда жамбылдық жас боксшы Ермахан Ибраимов ту алып шықты.
Осы байрақты бәсекеде Ибраимов «қола» жүлде жеңіп алды. Жалпы есепте Қазақстан 11 медальмен 197 ел арасында 24-орынға тұрақтады.
4 жылдан кейін Аустралияның Сидней қаласында өткен кезекті Олимпиадада да Ермахан Ибраимов тағы да еліміздің байрағын желбіретіп шықты. Бұл жолы даңқты боксшы ел қоржынына алтын медаль сыйлады. Осылайша, Ибраимов – Қазақстанда екі Олимпиадада Қазақстан туын көтеріп шығып, екеуінде де жүлдемен оралған жалғыз спортшы ретінде Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылып қалды.
Сиднейде Қазақстан Олимпиада нәтижесі бойынша 199 мемлекет арасынан 22-орынға көтерілді.
2004 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын дзюдошы Асхат Жіткеев алып шыққан болатын. Аталған Олимпиадада ол 7-орын алып, жүлдеге іліге алмады. Жалпы Қазақстанның нәтижесі төмен болып, 201 елдің арасында 40-орыннан көрінді. Дегенмен, Жіткеев 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл – Қазақстанның дзюдо бағытындағы алғашқы Олимпиада медалі болды.
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан туын алып шығу мәртебесі ауыр атлетикадан Азия чемпионы Бақыт Ахметовке берілді. Бақыт Ахметов Сидней Олимпиадасында 15-ші орын, Афина Олимпиадасында – 7-орын алған еді. Бейжің ойындарында 415 келі нәтижемен 5-орын алды.
2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еліміздің көк байрағын грек-рим күресінің балуаны, Азияның екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиев ұстап шықты.
Алайда жарыс жолын 1/8 финалдан бастаған Н. Тінәлиев швециялық Еурен Йоханнан жеңіліп қалды.
2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы олимпиадада Қазақстан туын 20 жастағы таеквондошы Руслан Жапаров алып шықты. Алайда спортшы алғашқы айналымда әзербайжандық қарсыласы Радик Исаевтан 11:2 есебімен жеңілді. Жұбаныш кездесуіндегі жекпе-жекте те отандасымыз 29 жастағы оңтүстіккореялық Чха Дон Миннен жеңіліп қалды.
2020 жылғы (2021 жыл) Токио Олимпиадасында еліміздің көкбайрағын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға тапсырды. Атап айтсақ, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа табыстаған болатын.
Міне, енді Франция астанасы париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің көк туын тағы да екі бірдей спортшымыз алып шығады. Олар - бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан спортшылары бүгінгі күнге дейін 25 спорт түрінен 80 лицензия жеңіп алды.
Нақтырақ айтсақ, бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі.
Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.