Бүгін - 121 жыл бұрын тұңғыш Олимпиада ойындарының алауы тұтанған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін осыдан 121 жыл бұрын тұңғыш Олимпиада ойындарының алауы тұтанған күн, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыдан 121 жыл бұрын, яғни 1896 жылдың 5 сәуірінде Грекияның Афины қаласында І жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанған болатын.

Алғашқы Олимпиада ойындары 10 күнге  созылды. Жарыста 14 мемлекеттен 241 спортшы өнер көрсетті.

Жарыс бағдарламасына ауыр атлетика, жүзу, нысана көздеу, теннис, семсерлесу, күрес, велоспорт, жеңіл атлетика, спорттық гимнастика секілді спорт түрлері енді. Жалпы, 43 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Тұңғыш Олимпиаданың алғашқы алтын медалін үш қарғып секіру сайысынан АҚШ спортшысы Джеймс Коннолли жеңіп алды.  Осылайша оның есімі тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды.

Командалық есепте 11 алтын, 7 күміс және 2 қоланы олжалаған АҚШ құрамасы бірінші орынды иеленді. Екінші орынды 10 алтын, 17 күміс және 19 қола медаль олжалаған жарыс қожайындары қанжығасына байласа, 6 алтын, 5 күміс және 2 қоланы иеленген Германия спортшылары үздік үштікке қол жеткізді.