Бүгін 1500-ден астам қазақстандық жас сарбаз әскери ант қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары мен Аэроұтқыр әскерлерінде әскер қатарына жаңадан қосылған сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінен.

«Осы күзде еліміздің барлық өңірлерінен әскери қызметке шақырылған жас буын Отан мен әскери борышқа адал болуға ант берді. Жас сарбаздарды осы осы салтанатты оқиғамен оларды командирлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, ата-аналары мен шақырылған қонақтар құттықтады», делінген хабарламада. Қазіргі уақытта жас әскери қызметшілер әскери ғылымды меңгеру жолында жауынгерлік оқуға араласып, өз бөлімшелерінің құрамында жалпы әскери даярлықтан өтуде. Әскери ант - әскери өмірдің негізгі және мызғымас заңы. Ол мемлекеттік және құқықтық құжат күшіне ие әрі жауынгердің Отан алдындағы борышын орындау жөніндегі салтанатты анты болып табылады.