Бүгін 160 мың түлектің мектеп бітіру кеші өтуде

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін жалпы білім беретін мектептердің 160 мың бұрынғы оқушылары үшін ұмытылмас күн - мектеп бітіру кеші өтуде, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Әрбір оқу жылын аяқтаушы жарқын оқиға - мектеп бітіру кеші. Оны түлектер ерекше толқумен күтуде, өйткені олар үшін бұл балалықпен, мектеппен, мұғалімдермен және мектептегі достармен қоштасу күні. Және ең бастысы - ересек өмірге алғашқы қадамдары.

Мектеп бітіру балы әрбір уақытта жас жүректердің адамгершілік тазалығының, ашықтығы мен мейірімділігінің, түлектердің ата-аналары мен ұстаздарына алғысының белгісі болды.

Түлектер кешінің құрметті қонақтары болып алғашқы ұстаздары, ата-аналар, кент немесе қаланың құрметті және танымал тұрғындары келеді. Мектеп бітірушілерді жергілікті әкімдіктердің, мәслихаттардың, қамқорлық жасаған кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері де құттықтайды.

Түлектерді сондай-ақ «Жас Ұлан», «Жас Қыран» республикалық қозғалыстарының, жастардың қоғамдық ұйымдарының көшбасшылары, «Нұр Отан» ХДП жастар қанатының белсенділері құттықтауға келеді.

Бүгінде мектептердегі интерактивтік жабдықтар өткен жылдарда бітіріп кеткен оқушылармен «он-лайн» режимінде телекөпірлерді өткізуге мүмкіндік береді. Мектептер Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде табысты білім алып жүрген түлектерін ерекше мақтан тұтады.

Білім және ғылым министрлігі мектеп бітіру кештерін туған мектеп қабырғасында, немесе балалардың өмірлері мен денсаулықтары үшін қауіпсіз басқа орындарда өткізуге кеңес береді.

Жергілікті атқарушы органдар, білім ұйымдарының жетекшілері балалардың өмірлері мен денсаулықтарының қауіпсіздігі мәселелерін ерекше бақылауға алды.