ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының тұрғыны Нұрсұлтан Әбдіразақов 18 жасқа толған бүгінгі туған күнінде алғаш рет дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұрсұлтан Әбдіразақов Арал ауданы, Жақсықылыш кентінде тұрады. Дәл бүгін 18 жасқа толып отыр. Өзінің тіркелген №34 референдум учаскесіне алғашқылар қатарында келді.
Дауыс беру рәсімінің алдында кент әкімі Пазылбек Берсүгіров Нұрсұлтанды салтанатты түрде құттықтады. Референдумда дауыс беру құқығына ие болу құрметіне естелік сыйлық табысталды.
«Менің кәмелет жасқа толған күнімнің еліміз үшін маңызды күнмен тұспа-тұс келгені өте қуанышты жайт болды. Бүгін мен өз дауысымды бере аламын. Алда еліміздің дамуына үлес қосамын», - деді Нұрсұлтан Әбдіразақов.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 101 жастағы майдангер алғашқы болып дауыс бергенін жазған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.