Бүгін Адамзаттың ғарыш дәуірі басталған күн

АСТАНА. 4 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Адамзаттың ғарыш дәуірі басталған күн. Осы атаулы күнге байланысты Дүниежүзілік ғарыш апталығы басталды.

Ғарыш дәуірі басталған күнді 1967 жылғы қыркүйекте Халықаралық астронавтика федерациясы жариялаған. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылғы 6 желтоқсанда адам әл-ауқатын жақсартуға ғарыш ғылымы мен техникасы қосатын қомақты үлесті атап көрсету мақсатымен 4 қазан мен 10 қазан аралығындағы аптаны Дүниежүзілік ғарыш апталығы (World Space Week) деп жариялады.

Адамзат ғарыш дәуірінің басталуы күні - Қазақстан үшін айрықша мереке. 1957 жылы 4 қазанда нақ Қазақстан топырағынан ғаламшар тарихында тұңғыш рет Жердің жасанды серігі ғарышқа шықты және Жердің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагарин осы жерден ғарышқа көтерілді. Нақ Байқоңыр ғарышқа ұшқан кеңестік, сосын ресейлік және шетелдік ғарыш кемелері үшін де басты ғарыш айлағына айналды.

Қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев Гиннесс рекордтар кітабына енгізілген: бір ұшу мерзімінде оған дейін ешкім ашық ғарышта бір тәуліктен артық болып көрмеген.