Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін соңынан өлмес мұра қалдырған қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні.

Ол 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Қарасаз аулында дүниеге келген. 1948 - 1949 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінің студенті атанған ол отбасы жағдайына байланысты ауылына оралады.

1950 жылы Алматыдағы Шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, алайда оны жалғастыра алмайды. 1954 жылы Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілінің мұғалімі болады. 1957 жылы Қазақ радиосының дикторы, 1960-1962 жылдары «Советтік шекара» газетінің бөлім меңгерушісі,1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында тағы да басқа республикалық басылымдарда қызмет атқарады. 1962 жылы Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.

«Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтары ақынның көзі тірісінде жарияланған, деп хабарлайды "Қазақстан" ұлттық арнасы.