Ол 1942 жылғы желтоқсанның 12-сі күні Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келіп, 2009 жылы қыркүйектің 16-сы күні 67 жасқа қараған шағында Астана қаласында мәңгілік сапарға аттанған болатын. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ғалым-этнограф 2000 жылдан бастап өмірінің соңына дейін елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақселеу Сейдімбек Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі жалпыұлттық «Егемен Қазақстан») газеттерінде, сондай-ақ түгел елге тараған «Зерде» журналы мен «Әлем» альманағында жұмыс істеген болатын. Одан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Қолжазба бөлімінің меңгерушісі, Ыбырай Алтынсарин атындағы білім институтының директоры, Қазақ Білім академиясының президенті, ҚР Президенттік Мәдени орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған еді.
Ақселеу Сланұлы 1998 жылы фольклор саласы бойынша «Қазақтың күй аңыздары» деген тақырыптағы зерттеулері үшін филология ғылымдарының докторы дәрежесі, ал 2003 жылы әдебиеттану саласының профессоры дәрежесі берілді. Отызға тарта көркем, ғылыми-көпшілік, монографиялық кітаптардың авторы. Шығармалары оннан астам шетел тілдеріне аударылған. Ол - Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор. «Құрмет» орденінің иегері.