Бүгін АҚШ-та Президенттер күні атап өтілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін АҚШ-та Президенттер күні атап өтіледі. Бұл ұлттық патриоттық мереке осы ел тарихына өлшеусіз үлес қосқан Американың қос президенті Джордж Вашингтон мен Авраам Линкольнді еске алу құрметіне арналған, деп жазады ИТАР-ТАСС.

Бұл американдықтардың ертеден тойланып келе жатқан мерекелерінің бірі. Оның тарихы 1782 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы Вирджиния штатындағы Ричмонд қаласында 1732 жылдың 22 ақпанында дүниеге келген Джордж Вашингтонның туған күнін көпшілік тұңғыш рет атап өткен болатын. Жылдар өте келе, Ричмондтағы бұл балдармен, шерулермен, мерекелік ас берумен өтетін дәстүр біртіндеп ел аумағына таралды. 1885 жылы 22 ақпан Вашингтон күні деген атауға ие болған ұлттық мереке ретінде жарияланды.

Американдықтар 1809 жылдың 12 ақпанында дүние есігін ашқан Авраам Линкольнді де қатты қадір тұтатындықтан, 1970 жылдары осы екі айтулы датаны біріктіріп, ақпан айының үшінші дүйсенбісін Президенттер күні ретінде атап өту қолға алынды. Президент Ричард Никсон дәл осы күні АҚШ-тың барлық президенттерін еске алуды ұсынды, сондықтан бұл елдің анықтамалықтарында аталмыш мереке Вашингтонның және Линкольннің туған күндері және Президенттер күні ретінде көрсетілген.

АҚШ-та бұл күн ресми түрде демалыс күні деп жарияланған, барлық мемлекеттік мекемелер, пошта бөлімшелері, банктердің басым бөлігі, мектептер, кітапханалар мен тіпті, әйгілі Нью-Йорк биржасы да демалады.

Бұл күні қала саябақтарында концерттер мен шоу бағдарламалар көрсетілсе, Маунт-Вернондағы Вашингтонның мұражайында әйгілі саясаткер туралы сахналанған көріністер көпшілік назарына ұсынылады. Ал, АҚШ-тың тұңғыш президентінің құрметіне аталған қалада жұртшылық Джордж Вашингтон мен Авраам Линкольннің монументтеріне гүл шоқтарын қояды.