Бүгін Ақтөбедегі «Мега» сауда-ойын-сауық орталығы бомба қойылды деген ақпараттан шұғыл жабылды
20:22, 01 Маусым 2011
АҚТӨБЕ. 1 маусым. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін күндізгі сағат 15.00 шамасында Ақтөбедегі ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірі - «Мега» орталығы шұғыл жабылды.
Полиция қызметкерлері орталыққа келген адамдар мен қызметкерлерді алып шықты. Анықталғанындай, белгісіз біреу ғимарат ішіне жарылғыш зат қойылды деп хабарлаған.
Облыстық ІІД-де өткен баспасөз мәслихаты барысында полиция қызметкерлері түсіндіргендей, сағат 14.43-те «102» телефонына белгісіз адам қоңырау шалып, «Мега-Ақтөбе» ойын-сауық орталығына жарылғыш зат қойылғандығын хабарлаған.
Оқиға орнына қаланың барлық жедел қызметтері аттандырылды, олар қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесе отырып «Мега-Ақтөбе» орталығынан жедел түрде барлық қызметкерлер мен келушілерді қауіпсіз жерге көшірді. Саперлер ғимаратты толықтай қарап шығып, ешқандай бомба таппаған.
Қазір жалған ақпарат берген адамды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.