Бүгін - ақын Төрегелді Тұяқбай 60 жаста

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі аудармашы Төрегелді Рахманбердіұлы Тұяқбай 60 жасқа толды.1970 жылдары оқырмандарға отты жырларымен танылған ақын бүгінде кемел жасына келіп отыр.

Т.Тұяқбай 1955 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолында «Жалын» журналы мен баспасында қызмет жасады. Одан кейін Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат министрліктерінде еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады. Премьер-министр Кеңсесінде және Президент Әкімшілігінің Баспасөз қызметінде жауапты қызметтер атқарды. Бүгінгі таңда Төрегелді Тұяқбай - ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аударма бөлімі меңгерушісінің орынбасары. Ақынның «Бастау» атты алғашқы атты жыр жинағы 1979 жылы жарық көрді. Одан кейін әр жылдары «Өз көзіммен», «Қарлы құйын», «Орман аңызы», «Жан дауысы», «Сүймегендер сағынбайды», «Төрт тоғыс» кітаптары жарық көрген болатын. Сондай-ақ 1983 жылы орыс тілінде «Разбег», белорус тілінде «Снежны чалавек» (1992) атты кітаптары шықты. Т.Тұяқбай шетел ақын-жазушыларының туындыларын аударып, қазақ оқырмандарына жеткізе білді. Ақын - бірқатар ән-күйлердің, оперетта-мюзиклдердің авторы.