Мереке Абай алаңындағы «Алматы жүрегімде» халықаралық байқауынан басталды, онда шаһар басшысы Ерболат Досаев алматылықтарды қала күнімен құттықтады.
«Алматы – Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі, еліміздің жаңа тарихы басталған қала. Біздің қаламыздың басты құндылығы – сіздер, Алматы тұрғындары. Сіздер қаланы көркейтіп, алуан түрлі және қонақжай етесіз. Осы ерекше күні мегаполистің дамуына үлесін қосқан әр алматылыққа алғыс білдіремін», - деді әкім.
Қала басшысы Алматының дамуына, өркендеуіне үлес қосқан 10 тұрғынды «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Олардың қатарына ғалым, дәрігер, суретші, қоғам қайраткерлері бар. Атап айтқанда:
- «Дос-Мұқасан» аты аңызға айналған вокалды-аспапты ансамблі, марапатты Мұрат Құсайынов қабылдап алды;
- Оразақ Исмағұлов – көрнекті антрополог ғалым;
- Алпысбай Қазғұлов – белгілі суретші, «Қазақстан Суретшілер одағы» РҚБ мүшесі;
- Жәния Әубәкірова – Қазақстанның халық әртісі;
- Мұрат Абдушукуров – қоғам қайраткері, «Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі» ҚБ төрағасы;
- Сәт Тоқпақбаев – мемлекет және саяси қайраткер;
- Ғахип Уәлиев – ҚР ҰҒА академигі;
- Асқар Жұмаділдаев – ғалым-математик, ҚР ҰҒА академигі;
- Құралбек Ордабаев – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері, футболшы;
- Зәуреш Аманжолова – акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрайымы.
Іс-шараның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін Тұңғыш Президент саябағында «Alma Fest» фестивалі өтті. Мұнда «шөп диірмені» тақырыптық қондырғысы орнатылды. Алма жәрмеңкесіне 45 шаруашылық 125 тонна жеміс әкелді, онда мерекенің әр қонағы өзіне ұнаған алма сортының дәмін татып көрді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін фуд-корттар, фотоаймақтар, балалар бөлмесі, спорт және ашық кино көруге арналған алаңдар ұйымдастарылған.
Ал, арбатта «Artbat Fest» заманауи өнер фестивалі өтті. Ерекше өнер нысандарының арқасында аумақ нағыз ашық галереяға айналды. Сондай-ақ, Панфилов көшесінде «Туған күніңмен, Алматы!» фестивалі аясында көптеген тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды.