Бүгін Алматыда 50 бала сауықтыру лагеріне аттанды

АЛМАТЫ. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Н. Сац атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арналған орыс театрының алдында Әуезов ауданы әкімі аппаратының,

«Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалы мен Әуезов ауданы әкімінің жанындағы отбасы және әйелдер ісі бойынша комиссиясының ұйымдастыруымен, мектеп жасындағы балаларды «Альтаир» сауықтыру лагеріне жіберу рәсімі болып өтті.

Лагерьге Әуезов ауданының тұрмысы төмен отбасыларынан 50 шақты бала аттанды. Жас жеткіншектер онда 10 күн демалып келетін болады.

Балаларды лагерьге Әуезов ауданының әкім орынбасары Сайран Сайфеденов, «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров пен «Альтаир» лагерінің бас директоры Әділбай Әлішев шығарып салды. Олар балаларға өз ізгі ниеттерін білдіріп, жақсы демалып, оқу жылына жаңа күш-жігермен келулерін тіледі.

«Бүгін сендер ең үздік демалыс лагерьлерінің біріне барғалы жатырсыңдар. Ол жерде баланың сауығуына көркемдік, техникалық, әлеуметтік шығармашылығының дамуына барлық жағдай жасалған», - деді Әуезов ауданының әкім орынбасары Сайран Сайфеденов.

Ал, «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров: «Балалық шақты қорғау - мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Әуезов ауданының әкімдігі соны мүлтіксіз ұстануда. Осы ең маңызды бағытқа біздің еліміз үлкен назар аударып келеді», - деп атап өтті.

Шара барысында барлық 50 балаға «Мектепке жол» акциясы аясында білім алуға қажетті құрал-жабдықтар салынған 50 сөмке сыйға тартылды.

Аудан әкімінің орынбасары Сайран Сайфеденовтың айтуынша, биылғы жылы Әуезов ауданында 37 207 оқушы мектеп қабырғасында білім алмақ. Олардың 2 351 оқушысы 11 сыныпқа баратындар. Ал, алғаш мектеп табалдырығын аттайтын балалардың саны - 2000-нан асады.