Бүгін Алматыда «Балалық шақ -2011» халықаралық көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде төртінші халықаралық «Балалық шақ-2011» атты балаларға арналған тауар көрмесі ашылды.

«Alexpo» компаниясының ұйымдастыруымен ашылған көрмеге қазақстандық компаниялар, сонымен қатар Ресей, Украина, Литва, Германия, Қытай және тағы да басқа жақын және алыс шет елдердің балаларға арналған тауарларды шығаратын және сатумен айналысатын жетекші кәсіпорындары қатысуда. Көрмеге түрлі ойыншықтар, балалар киімдері мен аяқ киімдері, кітаптар мен дискілер, бала тағамдары, кеңсе тауарлары, балаларға арналған жиһаздар және тағы да басқа балаларға қажетті тауарлар қойылған.

"Көрменің басты мақсаты - балалар тауарлары нарығын дамыту және жүйелендіру, сонымен қатар тұтынушыға балалар тауарлары туралы мағлұмат беру болып табылады. Бұл халықаралық шара Қазақстан бизнесінің түрлі салалардағы байланысын кеңейтуге, шетел компанияларымен әріптестікті нығайтуға және балалар тауарлары саласын дамытуға ықпал ететініне сенемін",-деді аталмыш шараның ұйымдастырушысы, "Alexpo"көрме компаниясының Бас директоры Дарья Гайденрайх көрменің ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, келесі «Балалық шақ-2012» көрме Астана қаласында сәуір айында өтетін болады.

Көрме барысында жаңа өнімдердің тұсаукесерлері мен тақырыптық семинарлар, конференциялар, сонымен қатар, "Киндерфест" фестивалі өткізілетін болады.

Бұнымен қатар, көрме барысында Профилактикалық медицина Академиясына қарасты Салауатты тамақтану орталығының мамандары дұрыс тамақтану сұрақтары бойынша ақысыз кеңес беретін болады. Нақтырақ айтқанда, үш күн бойы мамандар аналарға, балаларға, жүкті және емізетін әйелдерге тиімсіз тамақтанудың салдарынан дамитын және балалар арасында көп тараған асқазан-ішек жолдарының аурулары, тағамдық аллергия, темір тапшылық анемия, йод тапшылық жағдай, авитаминоз және гиповитаминоздық жағдайлар бойынша нақты ұсыныстар мен кеңестер беретін болады.

Келушілер аталмыш көрмемен қатар, осы көрме аясында ашылған "Сыйлықтар" және "Кеңсе тауарлары" көрмесін тамашалай алады.

Халықаралық көрме ҚР Білім министрлігінің, қала әкімдігінің және Қазақстан Балалар тауарларын шығарушылар қауымдастығының қолдауымен өтуде.

Көрмелер қыркүйектің 10-ына дейін жалғасады.