Бүгін Алматыда «Экрандағы зорлық-зомбылықты тоқтатайық» атты қоғамдық тыңдау өтті

АЛМАТЫ. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Зорлық-зомбылық, қысым көрсетушілік, сексуалды мазмұндағы фильмдер мен бағдарламалар көрсететін, әсіресе сенбі, жексенбі күндері «1000 ТВ», Рен ТВ арналарын кабелді ТВ провайдерлерінің қосымша пакетіне аудару керек, ал қазақстандық НТК және 31-ші телеарналар өз көрсетілімдері бағдарламасын қайтадан қарап шығулары керек.

Барлық телеарналарға балалар көретін сағат 6-дан 10-ға дейінгі уақытқа зорлық-зомбылық мазмұндағы барлық бағдарламаларға шектеу қою керек. Бұл туралы бүгін Алматыда «Экрандағы зорлық-зомбылықты тоқтатайық» атты қоғамдық тыңдау жұмысы барысында Қазақстандағы «Дағдарыстық орталықтар одағының» ЗТБ төрайымы Зүлфия Байсақова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, көгілдір экрандағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін заңдық тұрғыда реттеу керек. «НТК, 31-ші телеарналары ресейлік бейәдеп хабарларды тоқтатып, олардың орнын өзіміздің отандық инабатты бағдарламалармын толтырса дұрыс болар еді. Хабарларда, әсіресе жаңалықтарда адамның мәйіттерін, кесілген аяқ- қолдарды көрсетпеу керек, ондай сюжеттерді балалар ауыр қабылдайды», деп атап өтті жиын барысында Зүлфия Байсақова. Оның айтуынша, балаларға қандай хабарды көру керек, оны қалай қабылдау керек деп түсіндіретін медиа білім берілмейді. «Сондықтан балалар экрандағы барлық көріністі қаз қалпында қабылдайды», деді ол.

Жиын барысында ақпанның 8-нен наурыздың 8-не дейін жүргізілген акцияның қорытындысы жарияланып, теледидар бағдарламаларындағы, фильмдердегі және басқа да бейне материалдардағы зорлық-зомбылық көріністердің балалардың психикалық дамуына әсері сараланып талқыланды. Тыңдау соңында, қатысушылар бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.

Қазақстандағы «Дағдарыстық орталықтар одағының» ЗТБ төрайымы Зүлфия Байсақованың айтуынша, акция барысында 53 адам телефон соққан. Бүгінгі отырыстан кейін бұл мәселе шешімін табады деген үміттемін», деді Зүлфия Байсақова.