Енді бұдан былай Алматы қаласы мектептерінің үздік оқушылары Мәңгілік алау жанында құрметті қарауылда тұратын болады.
«Біз негізі бұл шараны өткен 28 сәуір күні бастағанбыз. Бұл Алмалы ауданындағы № 54-ші мектеп-гимназиясының бастамасымен қолға алынған еді. Бүгін, соның ресми түрде салтанатты ашылымы болды. Бұл шараны қала аудандарының мектептері кезектесіп атқаратын болады. Алдағы 10 мамырға дейін Алмалы ауданының мектептері құрметті қарауылда тұрады. Бұл жерде күн сайын, демалыс күндері де кесте бойынша үш мектептің 9,10,11 сынып оқушылары таңғы сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін Мәңгілік алау жанында вахтада тұрады. Яғни, бұл шараға үш мектептен 12 оқушыдан тұратын үш топ қатысады. Төрт оқушы вахтада 30 минут тұрған соң, оларды басқа 4 оқушы алмастырады. Ал 15:00-ден бастап кешкі сағат 18:00-ге дейін вахтада Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың оқушылары тұратын болады» - деді өз сөзінде Алматы қаласының Алмалы аудандық білім бөлімінің бастығы Гүлбану Әміртаева.
Естеріңізге сала кетейік, № 54-ші мектеп-гимназиясы «Есте сақтау вахтасын» алғаш рет 2006 жылы көтеріп, сол жылы да Мәңгілік алау жанында құрметті қарауыл ұйымдастырған болатын. Ал биылғы шара Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылып отыр. Жазғы каникул барысында вахтаны Алматы қаласындағы Ауған соғысы ардагерлерінің әскери-патриоттық үйірмесінің мүшелері атқарады. Ал бірінші қыркүйектен бастап, вахтаны мектеп оқушылары өз қолдарына алады. «Есте сақтау вахтасы» 2015 жылдың 9 мамырына дейін жалғасады деп жоспарлануда.