Бүгін - Арафа күні

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, 15 қараша Зүлхижа айының 9-жұлдызы, яғни - Арафа күні. Бұл күні қажылық рәсімнің ең басты шарты - Меккеден 20 шақырымдай жердегі, Аллаға жалбарынар киелі орын саналатын - Арафат тауында болу жорасы атқарылады.

Арафа - Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн. «Арафа» сөзінің мағынасы «танысу» дегенді білдіреді. Яғни, бүгін адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) ата мен Хауа (ғ.с.) ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні.

Астана қаласындағы «Нұр Астана» Орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспанның айтуынша, бұл күні Зүлхижа айының алғашқы күндерінен бастап қасиетті Мекке қаласында исламның бес қазығының бірі - Қажылық парызды атқарып жатқандар үшін, Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептелінеді. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді делінеді.

Егер кімде-кім Арафатта бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: "Қажылық дегеніміз - Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады", делінген.

Арафа күнінен кейінгі, Зүлхижа айының 10-жұлдызында - Меккеге барған тәуапшылар қажылық парыздың соңғы жорасы - Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері олармен бірге бүкін мұсылман жұрты Алла разылығы үшін құрбандық шалады.

Сондай-ақ, Арафа күнінің таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намаз бойы, ерлер мен әйелдер бірдей, парыз намаздардан кейін сәлем бере сала «аллаһумма әнтассалам» демей, уәжіп болған ташрих тәкбірін оқуы керек. Ташрих тәкбірі: «Аллаһу әкбәр, Аллаһу әкбәр. Лә иллаһа иллаллаһу уаллаһу әкбәр. Аллаһу әкбәр уә лиллаһил-хамд». Тәкбір парыз намаздарынан бөлек, айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады.