Бүгін Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында Президенттік Жаңажылдық шырша мерекесі болады

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Президенттік шыршаның басты қатысушылары жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ білім, спорт, өнер немесе шығармашылық өмірде жетістіктерге жеткен балалар болады.

Биылғы жылы шыршаға әрбір аймақта 200 бала, «Балдәурен» республикалық оқыту-сауықтыру орталығына 300 бала шақырылды. Республика бойынша қатысушылардың жалпы саны - 3500 бала.

 Жаңажылдық мереке Оқушылар сарайларында, Мәдениет сарайларында, тағы басқа жерлерде өткізіледі. 

Әрине, дәстүр бойынша мерекеде ел Президентінің құттықтауы болады. Президенттің бейнеқұттықтауы бүкіл республика бойынша бір уақытта беріледі.

 Биылғы жылғы жаңажылдық көріністің өте әдемі және патриоттық атауы бар - «Қазақстанның жұлдызды қадамдары». Театрландырылған көріністе балаларға тәуелсіз Қазақстанның табыстары мен елде болып жатқан оң өзгерістер туралы баяндалады, LED-экрандар қазақстандық спортшылардың жетістіктері мен республиканың Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарындағы аса табысты жеңістерін көрсетеді.

 Президенттік шыршадан естелік ретінде әрбір жас қатысушы өзімен бірге жаңажылдық фотосуретті, ал жаңажылдық сыйлық ретінде - ноутбук немесе Ipad-ты алып кетеді,- деп хабарлады Ғылым және білім министрлігінің баспасөз қызметі.