Қалалық және аудандық жастар мәслихаттарының 4-ші шақырылымына сайлау үстіміздегі жылғы ақпан айының 28-і күні, Астанадағы 35 білім беру мекемесінде өтті. Қалалық сайлау комиссиясына барлығы 207 кандидат тіркелді, сайлауға қатысушылардың саны 35 мың адам болды. Нәтижесінде 45 жас қалалық, 35 - Сарыарқа аудандық, 28 - Алматы және 9 - Есіл аудандық мәслихаттарына сайланды.
Астана қалалық жастар мәслихаты төрағасының бірінші орынбасары Дамир Берікғазиновтың айтуынша, мәслихаттың 4-ші шақырылымын құрағандардың 63 пайызы жоғары оқу орындарында, 29 - орта білім беру мекемелерінде және 8 пайызы - кәсіби-техникалық лицейлерде оқиды.
Жас депутаттарды құттықтап, оларға куәліктер мен кеуде белгілерін салтанатты түрде табыс еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақыт Сыздықова, бұл жолғы сайлауға қатысуға ниет білдірген кандидаттардың саны жылдағыдан ерекше көп болғанын атап өтті. «Біз Мәжіліске сайланған уақытта кандидаттардың саны мұндай көп болған жоқ», - деді ол.
Сондай-ақ ол, келешекте жастар мәслихатынан тек студенттерді ғана емес, жұмыс істеп жүрген азаматтарды да көргісі келетінін жеткізді.
Айта кетейік, Астана қаласында жастар мәслихаты 2007 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Мәслихаттың І-ші шақырылымы 28 адамнан құралды.