Бүгін «Астана Операда» Моцарттың соңғы шығармасы «Реквием» орындалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана Опера» театрының Мәрмәр залында Моцарттың соңғы шығармасы - «Реквием» орындалады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметінен абарлады.

«Астана Опера» дирижері Абзал Мұхитдинов «Реквиемнің» музыкасында жан тебірентетін сағыныш пен шексіз уайым үндесетінін айтты.

«Көрнекті композитор бұл туындысын өмірден озар алдында жазған. «Реквием» композитордың соңғы туындысы екенінің өзі оның музыкасы ерекше, бүкіл өмірдің эпилогі ретінде қабылдауға мәжбүрлейді. Бұл туынды оның шығармашылығындағы соңғы нүкте болу керектігін ол өзі де білді. Композитордың асқан жылдамдықпен жұмыс істегеніне қарамастан, ұлы туынды аяқсыз қалады. «Реквиемді» Моцарттың шәкірті Франц Ксавер Зюсмайр аяқтайды, бұл үшін ол шығарманың нобайын пайдаланды, кім біледі, мүмкін ол жұмысты аяқтау үшін Моцарттың көзі тірісінде берген нұсқауына да сүйенген шығар», - дейді Абзал Мұхитдинов. «Моцарттың аса танымал әрі ең айтулы туындыларының бірі - «Реквием» «Астана Опера» тыңдармандарының арасында жоғары сұранысқа ие болғанын атап өтейік. Осылайша, классикалық музыканы сүйер қауымның өтініші бойынша аталған шығарма Өнер ордасында қайта орындалады», делінген хабарламада.