Бүгін Астанада «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған екі жаңа мектеп ашылды

АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, қыркүйек 1-і - Білім күні, Астана қаласында «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған екі жаңа мектеп ашылды.

Әрқайсысы 1200 орынға лайықталған № 64 және № 65-ші мектептер «Степной» гараждар кооперативі аумағында және Тілендиев даңғылы бойында орналасқан. Білім нысандарының салтанатты ашылуы бүгін аудан әкімдері мен Білім беру басқармасы өкілдерінің қатысуымен өтті.

Жыл соңына дейін елордада жаңа тағы 4 мектеп есіктерін айқара ашатын болады (Тілендиев даңғылының оңтүстік бетінде - 1200 орын, Ильинка кентінде - 1200, Көктал-2 кентінде - 800, қаланың жаңа әкімшілік орталығында - 1200).

Биылғы оқу жылы қарсаңында сондай-ақ 9 мектеп күрделі жөндеуден өтті.

2010-2011 оқу жылының басында Астанада 80 мектеп жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 65 - мемлекеттік, 15 - жекеменшік нысанда. Мемлекеттік 65 мектептің 19-ы - қазақ тілді, 10 - орыс тілді және 36 - аралас мектептер.