Бүгін Астанада 7-ші қысқы Азия ойындарының логотиптері бар кәдесый өнімдерін және заттарды сататын орталық ашылды
Азия ойындарын насихаттау барысында аталмыш сауда орталығында тұтас ақпараттық ойын-сауық жүйесін құру жоспарланған. Азиада логотиптері бар кәдесый өнімдерін сату орталығы солардың бірі. Онда киім-кешек, аяқ киім, спорттық киімдер мен заттарды сатып алуға болады. Ойын-сауық жүйесінің құрамына сондай-ақ, дәріхана, банктік қызметтер көрсетілетін желілер, интернет пен телефония, химиялық тазарату, кір жуу бөлімдері кіреді.
Орталықты салтанатты түрде ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов пен "7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы" АҚ президенті Анатөлі Құлназаров ашты.
Е.Қанағатовтың айтуынша, Азия ойындары Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту және насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырғандықтан, орталыққа қойылған заттарда ұлттық нақыштар барынша қамтылған.
Ойындардың өткізілуі кезінде мұнда сондай-ақ, жарыстардың бағдарламасын, сайыстардың нәтижесін, Астана қаласы туралы қосымша ақпараттарды алуға болады.