Форум қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Съезд қонақтары - Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьенді және Орыс православие шіркеуінің басшысы, Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллді Ақордада қабылдап, форумның күн тәртібіне орай өзекті мәселелерді талқылады.
Съезге сондай-ақ Бүкләлемдік ислам лигасының президенті Шейх Абдалла Бен Абдель Мухсин ат-Турки, Сауд Арабиясы Королының өкілі, осы елдің Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла әл Аш-Шейх, Әл-Әзһар мешітінің бас имамы Шейх Ахмад Мухаммад ат-Тайиб, Бүкіләлемдік лютеран федерациясының бас хатшысы Мартин Юнге және басқа да танымал дін басшылары қатысады. Әлемдік діни конфессиялардың, мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мәдениетаралық диалогты ілгері жылжыту саласындағы қызметті жүзеге асыратын көрнекті ғалымдар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен көрнекті саясаткерлер қатысады. Форумға қатысу үшін әлемнің 40 елінен 87 делегация келді.
Съезд тақырыбы: «Бейбітшілік пен келісім - адамзаттың таңдауы». Халықаралық қатынастар саласындағы күн тәртібінде басты орын алатын бейбітшілік пен келісім мәселелерін талқылауды бұрынғы өткен съездердің сабақтас жалғасы ретінда қарауға болады. Төрт секциялық отырыстар өткізу жоспарлануда. «Орнықты дамуға қол жеткізуде дін басшыларының рөлі», «Дін және мультимәдениеттілік», «Дін және әйел: рухани құндылықтар және заманауи қатерлер», «Дін және жастар» деген тақырыптардағы ұсынылатын талқылаулар бүгінгі күнгі қоғамдағы өзекті мәселелер болып табылады.
Форум күндері оған қатысушылар 31 мамырда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған монументтің ашылуы рәсіміне қатысады, «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенін аралайды және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне ғибадат етеді. Сондай-ақ осы күндері Астанада «Рухани жарасым» аллеясы ашылады.