Бүгін Астанада ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында арнайы сатып алынған жаңа такси көліктерінің таныстырылымы болды

АНА. 19 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада ЕҚЫҰ саммиті қарсаңында арнайы сатып алынған жаңа такси көліктерінің таныстырылымы болды.

90 - Toyota «Сorolla», 5 - Toyota «Camry» және 5 - Toyota «Hiace» көліктері ЕҚЫҰ саммитіне қатысу үшін елордаға келетін қонақтарға барынша сапалы қызмет көрсету мақсатында сатып алынды. Айта кетейік, бұл бастаманы көтерген қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов болды. Осы ретте, «Сарыарқа Taxi» таксо-моторлық жаңа компания құрылып, ол «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды.

Астананың такси паркін заманауи көліктермен толықтырған компанияның директоры Александр Васильевтың айтуынша, автомобильдер мен жаңа жабдықтарды сатып алуға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дан 328 млн. теңге несие бөлінді.

Қала әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда сап түзеген жаңа такси көліктерді Астана басшысы И.Тасмағамбетов көрді.

А.Васильевтың сөзіне қарағанда, компанияға қабылданған жүргізушілер, техникалық қызметкерлер мен диспетчерлер қатаң іріктеуден өтті. «Жүргізушілердің барлығы кәсіби шеберлік мектебінде біліктіліктерін арттырды, тестілік сұрақтарға жауап беріп, жүргізу емтихандарын тапсырды. Біз жүргізушілер қабылдауды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз. Себебі көліктер жаңа. Сондықтан оны нағыз кәсібилердің қолына тапсырған жөн», - деді ол.

Такси көліктері тәулік бойы жұмыс істейді. Қызмет үшін төлем - көлікке отырғаныңыз үшін - 100 теңге, одан әрі есептегіш құралы бойынша әр шақырымына 90 теңгеден төлейсіз. Компания басшысының айтуынша, нарықтағы қазіргі тарифтермен салыстырғанда бұл әлдеқайда тиімді. Мысалға, егер жолаушылар қаланың орталық ауданынан әуежайға дейін 2000 теңге төлеп келсе, енді 1500 теңге жұмсайтын болады. Қызметтер үшін «Visa» төлем кәртішкелерімен де есеп айырысуға болады. Тапсырыстар 34 11 11 телефон нөмірі бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады. Көліктер қала бойынша «такси» белгілері бар барлық жерлерде орналасады.

Компания алдағы уақытта өз паркін тағы 200 көлікке толықтыруды көздеп отыр. Оның жүзі 7-ші қысқы Азия ойындарының қарсаңында сатып алынады. Бұнымен бір мезгілде А.Васильев: «Біз такси қызметімен айналысып жүрген компанияларды ығыстыруды мақсат етпейміз. Тек сапалы қызмет көрсете отырып, жолаушыларға таңдау жасау мүмкіндігін береміз», - деді.