"Қазақстан әйелдерінің тұңғыш құрылтайының күн тәртібіндегі негізгі мәселе - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және алдағы 10 жылда атқарылатын міндеттерді айқындап алу", - деген болатын ағымдағы жылғы 14 ақпанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған әйелдер құрылтайы бұдан былай әр бес жыл сайын өткізіліп тұрады. "Шара аясында республиканың барлық аймақтарында әйелдерге арнап жәшіктер орнатылады. Форумда әйелдер өз мақсаттары туралы айтуы керек. Сөйтіп, әрбір әйел елдегі келелі мәселелерді қалай шешуге болатыны жөнінде өзінің ой-пікірлерімен бөліседі. Олар елдегі демографиялық ахуалды жақсарту, жұмыссыздықты жою туралы пікірлерін білдіруге мүмкіндіктері болады. Сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Елбасына тілектер жолдай алады. Аймақтардан жолданған хаттардың бәрі осы құрылтайда талқыланады. Съезд жұмысына тек делегаттар емес, барлық әйелдердің қатысқанын қалаймыз", - деген болатын баспасөз мәслихатында Г. Әбдіқалықова.
Айта кетейік, съезд қарсаңында Әйелдер істері, отбасылық және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстанның азаматтық альянсымен бірге 14 ақпан мен 1 наурыз аралығында республикамыздың әрбір аймағында «Тілектер тізбегі» атты акция өткізді. Акция съезде талқылануға тиісті мәселелер мен сұрақтарды, ұсыныстар мен тілектерді, алға қойылатын міндеттерді анықтау мақсатындағы конференциялар, ғылым мен өзге салада қызмет етіп жатқан әйелдердің, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің кездесуі түрінде жүргізілді. Акция нәтижесі әйелдер съезінде қаралатын болады.