Бүгін Астанада Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалінің гала-концерті өтеді

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан» концерт залында Шәмші Қалдаяқов атындағы Халықаралық "Менің Қазақстаным" атты ән фестивалі өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына фестивальдың ұйымдастырушылары хабарлады.

Гала-концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Толқын Забирова, Жәмилә Жарқымбаева, Республикалық байқаулардың лауреаттары, сонымен қатар, "Сарын"тобы, "IL KANTO" квартеті, "Шолпан" би ансамблі өнер көрсетеді.

Жыл сайын өткізілетін байқауға Қазақстанның түпкір-түпкірінен, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Моңғолия Халық Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қырғызстан Республикасынан үміткерлер қатысады.

Шәмші Қалдаяқов - танымал композитор, «қазақ вальсінің королі». 1965 жылы жазған «Менің Қазақстаным» әні 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді. «Ақ сұңқарым», «Қара көз», «Қайықта», «Ақ бантик», «Ақ маңдайлым» сияқты көптеген лирикалық әндердің авторы. Оның шығармашылық қоржынында 300-ден астам ән бар.

Еске сала кетейік, Астанада 22-25 қазанда Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалі өтті. 22 қазанда К.Байсейітова атындағы мемлекеттік опера және балет театрында ән фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Ал 23 қазанда фестиваль лауреаттарын марапаттау рәсімі болды. Гала-концерт 25 қазанда сағат 19.00-де «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.