Бүгін Астанада «Turkvizyon-2014» әншілер байқауының жеңімпазы анықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы бейбітшілік және келісім сарайында Ресейдің Қазан қаласында 19 және 21 қарашада ұйымдастырылатын «Turkvizyon-2014» байқауына қатысу үшін қазақстандық әншілер арасында финалдық іріктеу сындары өтеді.

«Байқаудың Қазақстандағы ақтық сынында қатаң іріктеуден кейін танымал әншілермен қатар, өнер әлеміне жаңа қадам басқандар да сахнаға шығады. Олардың қатарында Жанар Дұғалова, Нұржан Керменбаев, Мархаба Сәбиева, Бейбіт Күшқалиев, Серік Ибрагимов пен «Алашұлы» тобы бар. Ал финалға өткен тағы бір әнші қызымыз Луина өкінішке орай, бұл сынға қатыса алмайды. Оның себеп-салдарын көрермендеріміз шара үстінде білетін болады. Бұл әншінің орнына «V-Alem» тобы шығады», деп мәлім етті ҚазАқпарат тілшісіне шараны ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, байқау бүгін сағат 19.00-де «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Байқау жеңімпазы түнге қарай анықталады. Қазан қаласындағы дүбірлі додаға еліміздің атынан кімнің баратынын қазақстандықтар СМС арқылы дауыс беру жолымен және әділқазылар анықтайды. Айта кетейік, қазылар алқасының құрамында композитор және продюсер Ренат Ғайсин, айтыскер Айнұр Тұрсынбаева, Астана қаласының мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, әнші Алтынай Жорабаева мен композитор Арман Дүйсенов бар», - деп нақтылады ұйымдастырушылар.

Естеріңізге сала кетейік, «Turkvizyon» түркі жұртшылығы үшін «Евровидение» байқауының баламасы болып табылады. Бұл конкурсты 300 млн.-ға жуық адам тамашалайды.