Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Бағдаршам және оның достарының бастан кешкендері» атты мультфильмнің таныстырылымы болады

АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін, жазғы демалыс қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Бағдаршам және оның достарының бастан кешкендері» атты мультфильмнің тұсаукесері өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобаның идеясын ұсынушы әрі оған қаржылай көмек көрсетуші «Шеврон» компаниясы. Ал жобаны тікелей жүзеге асырушы Қазақстанның алғашқы оқыту телеарнасы - "Білім". Жобаға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсеткен.

Жобаны ұйымдастырушылардың пікірлерінше, балаларды жол ережесін сақтауға үйрету, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан оған мүмкіндігінше көпшіліктің назарын аудару қажет. «Осыған қарай бүгін елімізде алғаш рет жолда жүру тәртібіне байланысты орыс және қазақ тілдерінде оқытатын және білім беретін мультфильм шығарылып отыр. Осы мультфильм арқылы балалар өте көрнекті және қызықты түрде жолда жүру ережелерін үйренеді», деді «Білім» телеарнасының бас директоры Сәуле Тастүлекова.

Оның сөзіне қарағанда, бүгін балаларда жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселесіне көңілі бөлініп, айтуындай-ақ айтылып келеді. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жетілдіре түскен жөн.

Қазақстан Республикасының Жол полициясы комитетінің деректері бойынша, 2009 жылы республика жолдарында балалардың қатысуымен 1 мың 915 жол-көлік апаты орын алып, нәтижесінде 1

мың 910 бала жарақат алған. Ал 183 бала мерт болған. «Сондықтан балаларға жолда жүру мәдениетін ерте жастан, мектеп жасынан бастап қалыптастырған жөн. Ал ертегі түрінде жасалған мультфильм жолда жүру ережелерін түсінудің ең тиімді әрі жеңіл түрі. Жобаны жүзеге асыру барысында республиканың көптеген мектепке дейінгі, мектептік және басқа мекемелері мультфильмнің көшірмелеріне ие болып, оны жол жүру қауіпсіздігін үйретудегі оқу құралы ретінде пайдалана алады. Бұл тәжірибені ең алғашқы пайдаланушылар Астана қаласының білім беру мекемелері болып отыр», дейді жобаны ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ олардың мәліметтерінше, жол жүру қауіпсіздігін сақтау «Шеврон» компаниясының бүкіл әлемдегі атқаратын қызметінің бір бөлігі. Компания осы келелі мәселені шешуге белсене атсалысып, жергілікті халықтың жол-көлік апаты салдарынан жарақат алу және мерт болу жағдайларын азайтуға және алдын алуға үлесін қосады.