Жалпы, Бакуде 20 спорттық жарыс түрлерінен сайыстар өткізіледі: оның 16-сы - олимпиадалық спорт ойындары болса, қалған 4-уі - олимпиадалық емес спорт түрлері. Еуропаның түкпір-түкпірінен жиналған 6 мыңнан астам спортшы 17 күн бойы өз елінің намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, 2012 жылғы желтоқсанда Еуропалық Олимпиада комитеті Бакуды Еуропалық ойындарды өткізуге лайық деп таныған болатын. Ойындардың ашылу салтанаты көптеген мемлекеттердің телеарналарының тікелей эфирінен көрсетіледі.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов басқарған Қазақстан делегациясы «Баку-2015» бірінші Еуропалық ойындарының ашылу рәсіміне қатысу үшін Баку қаласына барады. Делегацияның құрамында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болады.
Сондай-ақ бұл айтулы доданың ашылу салтанатына қатысу үшін Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах 11 маусымда Әзербайжанға келді.