Телеарна Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен құрылды. Арна қазақ тілінде хабар таратады.
«Балапан» телеарнасы алғашында 12 сағат хабар таратса, бүгінде 17 сағат бойы эфирге шығады. Арнаның туған күніне орай кішкентай көрермендер арасында «Туған күніңмен, Балапан» акциясы жарияланды. Оған қатысушылар редакцияға өлеңдер, әндер мен құттықтауларын жіберді. Ал бейнетаспаға жазылған құттықтаулар 27 қыркүйекте телеарнадан көрсетілетін болады. «Казмедиа орталығының» үлкен залында сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін мерекелік шара мен көрме ұйымдастырылып өткізіледі. Оның барлығы «Балапан» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Соңғы кездері қазақ тілін жан-жақты дамыту мен насихаттауға көп жұмыс жасалды. 2012 жылдың 1 қазанынан бастап, «Балапан» HD-форматта хабар тарата бастады. Бұл сүйікті бағдарламалардың сапасын арттыруға ықпал жасады. Бүгінгі таңда телеарна ел тұрғындарының бестен бір бөлігін қамтиды. Шетелдік контенттің санын азайтудың арқасында меншікті құрамды ұлғайту мүмкін болып отыр. Бүгінгі таңда меншікті өндіріс саны 30 пайыздан 52-ге дейін көбейсе, жыл соңына дейін ол көрсеткіш 64-ке дейін жетеді деп жоспарланып отыр. «Балапанның» ғаламторда да біршама ілгерілеуі байқалады. Жанрлық бағытты анықтау мақсатында жылына екі рет республикамыздың кішкентай көрермендері арасында сауалнама жүргізіледі. Сондай сауалнамалардың бірінің қорытындысы бойынша «Ойлан, тап» бағдарламасы дүниеге келді. Алғаш рет балалар жаңалығы - «Балапан news» көрерменге жол тартты. Телеарна көптеген шетелдік арналармен тығыз қарым-қатынас орнатып үлгерді.
Жақын арада KIKA (Германия), Baraem (Катар) телеарналарымен тәжірибе алмасу жоспарлануда. Алғаш рет «Балапан» Қазақстан мен қазақ ұшағын қытай-корей-жапон бірлескен «Әуежай» аннимациялық жобасына қосу мақсатында Кореяның DPS компаниясымен ортақ Меморандумға қол қоймақ ниетте. Сонымен қатар арна көптеген халықаралық фестивальдарға қатысуда. Мысалы, «Кәсібің-Нәсібің» танымдық бағдараламасы мен «Санжар мен Қайсар» телехикаясы Германияда өткен Prix jeunesse international бүкіләлемдік балалар телевизиялық фестиваліне қатысты. Германияның ZDF, BBC Kids ірі телерадиокорпорацияларымен тәжірибе алмасу және бағдарламалар тарату сеткасын зерттеуге қатысты келіссөздер жүгізілуде. Кika TV (Germany), Карусель (Россия), Tiji (Франция) сынды шетелдік балалар телеарнасының бағдарлама тарату сеткасымен таныса келе, түрлі жанрлық бағытты қамтитын «блоктық» жүйеге көшу туралы шешім қабылданды. Жаңа телемаусымда кішкентай көрермендер үшін 14 жанрлық бағытты қамтитын 30-ға жуық тың бағдарлама әзірленді. Тұңғыш рет телеарна тапсырысы бойынша Motion Capture жанрында үш сериядан тұратын «Батырлар» анимациялық сериалы көрсетілді. 2014 жылғы жоспар бойынша тағы да 3 серия жарыққа шықпақ. Гонконг Диснейлендінде түсірілімдер ұйымдастыру ісі дайындық үстінде. Бұл көрермендеріміздің қызығушылығын тудырады деген сенімдеміз. Ол туралы жақын арада толығырақ білетін боласыздар, делінген хабарламада.