Бүгін батыс, оңтүстік өңірлерде күн ысып, елдің солтүстігінде бұршақ жаууы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты Қазақстанның  басым аймақтарында құбылмалы ауа райы сақталады, кей жерлерде найзағаймен бірге жаңбыр күтіледі, желдің күшеюі, бұршақ болуы мүмкін, деп хабарлайды Қазгидромет.

Республиканың батысы мен оңтүстігінде жауын-шашынсыз ыстық ауа райы сақталады.

Солтүстік  Қазақстан, Павлодар облыстарында жел 15-20, кей жерлерде екпіні 25 м/с күшейеді, бұршақ болуы мүмкін.

Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде желдің жылдамдығы  15-20 м/с жетіп, бұршақ жаууы ықтимал.

Қостанай облысында кей жерлерінде желдің күші 15-20, екпіні 23 м/с жетеді.

Батыс Қазақстан, күндіз Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында жел тұрады, жылдамдығы -  15-20 м/с. Күндіз Қызылорда, Манғыстау облыстарының кей жерлерінде желдің күші 15-20 м/с  жетіп, шаңды дауыл көтеріледі.

Күндіз Кызылорда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында аптап ыстық. Сондай-ақ, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарында да өте қатты ыстық болады.

Қызылорда, Оңтүстік-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Атырау, Батыс-Қазақстан облыстарының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.