Бүгін - Бәйшешек күні

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Жыл сайын 19 сәуір күні әлемнің көптеген елдерінде дәстүрге айналған көктем мерекесі - Бәйшешек күні атап өтіледі.

Оның тарихы Англиядан бастау алады, мереке 1984 жылы бекітілді. Климаттық ерекшеліктерге байланысты бәйшешектер қаңтар айынан бастап сәуірге дейін гүлдейді. Мәселен, Қазақстанда оларды әдетте ақпан айының соңында - наурыздың басында көруге болады.

Аталмыш гүлді әртүрлі мемлекеттерде түрліше атайды. Оны ағылшындар - қар тамшысы немесе қар сырғасы, чехтар - қар бүршігі, немістер - қар қоңырауы, ал біз бәйшешек деп атаймыз. Ол қардың астынан шығып, күн нұрының алғашқы жылуынан гүлденетіндіктен, осындай атауды иеленген көрінеді.

Өкінішке орай, бүгінде бәйшешек адам қолынан жапа шегетін болды. Жұлып алынған гүлдер бірнеше күннен кейін солып қалады. Бәйшешекті жинауға үйір адамдардың кесірінен олардың саны жыл санап азайып келеді. Сондықтан қазір бәйшешектердің көптеген түрі жойылудың аз-ақ алдында тұр, оларды жұлуға тыйым салынған.

Бірақ жылда көктем шығысымен қалаларда бәйшешектерді саудалайтындар қайтадан шығады.