Бүгін осы мәселеге арналған баспасөз мәслихаты болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Білім және ғылым министрінің бұйрығымен аталған конкурсты өткізу мерзімі белгіленді. Бұл ретте құжаттар академиялық оқу үшін 2010 жылғы маусымның 7-сінен шілденің 30-ына дейін, ал ғылыми тағылымдама үшін маусымның 7-сінен қыркүйектің 30-на дейін қабылданады. Құжаттар Астана және Алматы қалаларында қабылданатын болады. Сонымен қатар, Орталықтың Алматы қаласындағы филиалы маусымның 7-сі мен шілденің 15-і аралығында тек қана өз бетімен шетелдік оқу орындарына оқуға түскендердің құжаттарын қабылдайды», деді баспасөз мәслихаты барысында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Данияр Бектұрғанов. Оның айтуынша, үміткерлерге қойылатын талаптар бұрынғысынша, еш өзгеріссіз қалған. «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына тек ЖОО мен мектеп түлектері ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер де, ғылыми-педагогика қызметкерлері мен ауыл жастары да қатыса алады. Ал осы аталған санаттағылар үшін «Болашақ» бағдарламасы аясында бірқатар жеңілдіктер қарастырылып, квоталар да белгіленген.
«Болашақ» бағдарламасы аясында басым бағыттағы салалар тізбесіне енетін мамандықтар бойынша білім алу жүзеге асады. Бұндай тізімдер жергілікті және атарушы органдардың, мемлекеттік ұйымдардың, ЖОО-лар мен ғылыми зерттеу институттарының тапсырысы негізінде қалыптасады. Биылғы жылы басым мамандықтар тізбесіне академиялық оқу үшін 87 және ғылыми тағылымдама үшін 110 мамандық енгізілген. Соңғы жылдары бағдарлама аясында техникалық, медициналық бағыттарға көбірек басымдықтар қарастырылған. Сонымен бірге жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы бойынша ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының тізбесі қайта қаралып отырады. Биылғы жылы ұсынылатын оқу орындарының тізіміне академиялық оқу үшін 23 елдің 200 оқу орны және ғылыми тағылымдамадан өту үшін әлемнің 24 елінің 105 оқу орны, ғылыми орталықтар мен зертханалар енгізілген», деді Д. Бектұрғанов. Оның айтуына қарағанда, халық арасында «Болашақ» стипендиясына тағайындауға қатысты қызығушылық жылдан жылға артып отыр. Сондықтан да, ағымдағы конкурсқа қатысушылар саны арта түсетіні де болжанады. Мәселен, былтыр «Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурсқа қатысу үшін 4 мың 75 адам құжат тапсырса, олардың арасында 1 мың 347-сі стипендияны иеленген. Статистика бойынша Астана, Алматы қалалары, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары бағдарламаның белсенді қатысушылары болып отыр.
Іріктеу ережесі, басым мамандықтар мен қажетті құжаттар тізбесі, үміткерлердің қосымша сауалнамалары, сондай-ақ конкурс бойынша қосымша ақпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның www. edu-cip.kz ресми сайтында орналастырылған.