Бүгін Болгарияда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтеді

АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Болгарияда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтеді.

Онда 6,9 млн. сайлаушы 36 партия ұсынған кандидаттардың арасынан жаңа парламеншілерді таңдайтын болады.

Сайлаудың барысын 250 халықаралық байқаушы бақылайтын болады. Күтіліп отырғандай, партиялардың ешбірі дауыстардың басым бөлігіне ие болмайды және сайлауға келушілердің саны 50 пайыздан аспайды. Бұл туралы Associated Press хабарлады.

Сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілуіне елдегі бірқатар дау-дамайлар себеп болды. Атап айтқанда, саясаткерлердің телефон әңгімелерін заңсыз тыңдау, оны ұйымдастыруда бұрынғы ішкі істер министрі Цветан Цветаев айыпталуда. Прокурорлардың айтуынша, ол лауазымдық міндетін атқару кезінде саяси қарсыластардың әңгімелерін тыңдау үшін жауапты болған.

Онымен қоса, өткен тәулікте полицейлер типографиядан бекітілген қажетті көлемнен асыра басылып шығарылған дауыс беруге арналған 350 мың бюллетеньді тәркіледі.