Бүгін Бүкіләлемдік баспана күні

АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Жыл сайын қазан айының алғашқы дүйсенбісінде БҰҰ бекіткен мереке - Бүкіләлемдік баспана күні (World Habitat Day) атап өтіледі.

1985 жылы Елді мекендер жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2000 жылға қарай ғаламшар халқын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Бүкіләлемдік баспана күнін бекітті.

1996 жылдан бастап Бүкіләлемдік баспана күніне Бүкіәлемдік архитектура күні орайластырылды.

Тұрғын жай және өмір сүру жағдайлары проблемасы 1976 жылы Ванкуверде өткен қоныстардың тұрақты дамуы жөніндегі БҰҰ-ның алғашқы конференциясында-ақ көтерілген болатын. Содан бері әлем біршама өзгерді, бірақ тұрғын үйлердің жеткіліксіздігі, кедейшілік, ластану және науқастану өз өзектілігін жоғалтпады.

Баспана күні ғаламшардағы әрбір адам дербес тұрғын жайға өзінің құқығын қорғап қалуға мүмкіндігі барлығын айту үшін бекітілді. Баспана проблемасы барлық дерлік мемлекеттің проблемасы. Бүкіләлемдік баспана күні билікті әрбір адам үшін тұрғын жайға қолжетімділікті ойландыруға үндейді.