Бүгін - Бүкіләлемдік гемофилия күні

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Жыл сайын 17 сәуірде әлемнің көптеген елдері Дүниежүзілік гемофилия федерациясының акциясына қатысып, Бүкіләлемдік гемофилия күнін атап өтеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтерінше, аталған іс-шара мақсаты - осы ауыр дерт проблемаларына қоғам назарын аудару.

Бүкіләлемдік гемофилия күніне орай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен науқастар үшін «Ашық есік» күндері жарияланды. Гематолог дәрігерлердің кеңес беру кабинеттері орналасқан облыс орталықтарының барлығында тегін кеңестер беріледі. Республикалық деңгейде Астанада орналасқан Жедел медициналық көмек республикалық орталығында барлық келушілерге бірқатар медициналық қызметтер: гематологтар мен ортопедтердің кеңестері, қан ұйысу факторлары деңгейі мен ингибиторды анықтау, дәрілік препараттарды өзінше енгізуге оқыту, буындарға магнитті резонансты томография жасау және тағы басқа қызметтер көрсетіледі. Барлық сұрақтарға жауаптарды 87172-702824, 87012779699 телефондары және hemophilia.kaz@ya.ru электрондық поштасы арқылы хабарласып, алуға болады.