Бүгін - Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін - Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні. Оны БҰҰ Бас Ассамблеясы 2008 жылғы 11 желтоқсандағы арнайы қарарымен (63/139) жариялаған.

Ал 2009 жылы 5 наурызда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы A/RES/63/139 қарарын жариялады. Бұл күн 19 тамыздан бастап атап өтіледі. 2003 жылы осы күні БҰҰ-ның Бағдаттағы штаб-пәтеріндегі жарылыстан 22 адам қаза болды. Соның ішінде БҰҰ-ның көрнекті қайраткері Сержиу Виейра ди Меллу де бар.

Бас Ассамблеяның қарарында айтылғандай, Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні бүкіл әлемде гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға және бүкіл гуманитарлық қызметшілерге, гуманитарлық мүдделерді өмірге енгізуге жәрдем жасаған Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметшілерін және олармен байланыстағы қызметшілерді де қоса есептегенде, сондай-ақ өз парыздарын атқару үстінде өмірлерін қиғандарға тиісінше оңды бағасын беруге көмектесуді көздейді.

2009 жылы атап өтілген Бірінші Бүкіләлемдік гуманитарлық көмек күні басқаларды құтқару кезінде қаза тапқандарды еске алуға арналды.