Бүгін - Дүниежүзілік ғылым күні

None
АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат -Дүниежүзілік ғылым күні немесе ресми түрде - Бейбітшілік пен даму үшін дүниежүзілік ғылым күні қоғамға ғылымның пайдасын түсіндіруді арттыру мақсатында жыл сайын 10 қараша күні атап өтіледі.

Бұл дата демалыс күні ретінде жарияланбағанымен, әрбір мемлекетте Дүниежүзілік ғылым күніне орайластырылған іс-шаралар өтеді.

Дүниежүзілік ғылым күнін өткізу 1999 жылы Будапештте өткен Дүниежүзілік ғылыми конференцияда ұсынылды. Онда ғылым мен қоғамның арасына анағұрлым тығыз қарым-қатынастар орнату қажеттігі айтылды.  

ЮНЕСКО 1999 жылғы конференцияның күн тәртібін негізге ала отырып, 2001 жылы өткен жалпы конференцияда Дүниежүзілік ғылым күнін ресми түрде бекітті.

ЮНЕСКО Дүниежүзілік ғылым күнінің мағынасы туралы білуді тарату бойынша жыл сайын үкіметтік ұйымдармен, ғылыми және оқу ұжымдарымен, халықпен үлкен жұмыстар жүргізеді.

Жекелеген елдердің үкіметтері Дүниежүзілік ғылым күніне ғылым мен ғылыми бастамаларды қолдауға бағытталған бағдарламалардың қабылдануын, сондай-ақ ғылыми ұйымдармен, мектептермен және университеттермен бірлесіп жаңа ғылыми-техникалық жобалардың жүзеге асырылуын орайластырады.