Бүгін - Дүниежүзілік Поэзия күні

АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін - Дүниежүзілік Поэзия күні.

ЮНЕСКО Бас конференциясының 1999 жылдың 30-ыншы сессиясында 21 наурызда Дүниежүзілік поэзия күнін атап өтуге шешім қабылданған болатын. Дүниежүзілік Поэзия күні тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері орналасқан Парижде атап өтілді.

«Поэзия қазіргі заманғы адамның өткір де терең рухани мәселелеріне жауап бере алады - бірақ бұл үшін оған қоғам назарын мүмкіндігінше кеңірек аударту қажет. Сонымен қатар Дүниежүзілік Поэзия күні қазіргі ақындардың шығармалары оқырмандарына, негізінен солардың күшімен, жол тауып жатқан - шағын баспалардың, тебіреніске толы сырлы сөзбен мәңгілік дәстүрді қайта тірілтіп жүрген - әдеби клубтардың өздерін кеңінен танытуына мүмкіндік беруі тиіс»,- делінген ЮНЕСКО шешімінде.

Бұл күн поэзияның шын мәніндегі қазіргі заманғы, адамдар ашық қабылдай алар өнер ретіндегі жағымды кейпін бұқаралық ақпарат құралдарында қалыптастыруға қызмет етуі қажет.