Бүгін - Дүниежүзілік жазушы күні

АСТАНА. 3 наурыз. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік жазушы күні Халықаралық Пен-клубтың 48-ші конгресінің шешімі негізінде атап өтіледі.

Клуб 1921 жылы құрылған. Ұйымның атауы ағылшынның poets - ақындар, essayists - очеркшілер, novelists - романшылар сөздерінің бастапқы әріптерінен құрылған. Сонымен қатар «pen» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қаламсап» деген мағынаны береді. Ұйым атауы ағылшындық жазушы Кэтрин Эми Доусон-Скоттқа тиесілі. ПЕН-клубтың алғашқы президенті - Джон Голсуорси. 1923 жылы Лондонда ПЕН-клубтың алғашқы халықаралық конгресі өтті. Сол уақытта ПЕН-орталық әлемнің 11 елінде бар болатын. Ал қазір дүниенің 130 елінде, соның ішінде Қазақстанда да бар.

ПЕН-клуб - халықаралық жазушылар бірлестігі, оның Хартиясында «әр елдің ішіндегі және барлық елдер арасындағы ақпарат бостандығы принциптерін қорғауға жақтасу» деп көрсетілген.