Бүгін елдің басым бөлігінде күшті жел тұрып, жауын жауады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 6 наурыз күні Қазақстанның басым бөлігінде құбылмалы күн райы сақталады, жауын-шашын жауады, кей уақыттарда нөсерлі жауын күтіледі. Елдің жекелеген аумақтарында тұман, көктайғақ, бұрқасын, желдің күшеюі болжанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында 15-20 м/с жылдамдықпен соққан желдің екпіні 23-28 м/с, күндіз кей жерлерінде 30 м/с жететіні күтіледі. Жамбыл облысының кей жерлерінде түнде тұман, Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай болады. 

Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында желдің екпіні секундына 23-28 метр, күндіз кей жерлерінде 30 м/с және одан жоғары жылдамдықта болатыны болжанады. Сондай-ақ тұман, көктайғақ күтіледі. 

Қарағанды облысында 15-20 м/с екпіндегі желдің күші 25 м/с жетеді. Кей жерлерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болады. 

Павлодар облысының кей жерлерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болады, күндіз басым бөлігінде желдің күші 23-28 м/с жетеді. 

Қостанай, Ақтөбе облыстарында желдің екпіні 23-28 м/с артады. Кей жерлерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болжанады. 

Маңғыстау облысының кей жерлерінде тұман күтіледі, жел 15-20 м/с дейін күшейеді, түнде - жаяу бұрқасынмен. 

Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болады, желдің күші 15-23 м/с артады. Батыс Қазақстан облысында сондай-ақ бұрқасын болжанады.