ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының, Астана маңында орналасқан ҚР ҚК әскери бөлімдері мен құрылымдық бөлімшелерінің, ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері әскери-әуе күштерінің әскери қызметшілері, «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері Астанадағы жалпықалалық сенбілікке қатысты. Жалпы алғанда 2 640 адам ҚР ҚМ әкімшілік ғимаратының, әскери бөлімдерінің аумағында, сондай-ақ елордамыздың Тұран және Ш.Құдайбердіұлы даңғылдарында, І.Жансүгіров және Янушкеевич көшелерінде, Ильинка кентінде тазалау жұмыстарын жүргізді. Сенбілік Ильинка кентінде 724 түп ағаш көшетін отырғызумен аяқталды (соның ішінде 500 ағашты ерекше көзге түскен 200 парадқа қатысушы Жеңістің 70 жылдығы мерекесінің құрметіне отырғызды).
Сонымен бірге «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери бөлімдерінде де әскери қызметшілер сенбілікке шықты. Сенбілікке қатысу - азаматтардың саналы қадамы, әрбір қазақстандықтың өз қаласын жақсартып, оны таза, әрі әдемі етуге ұмтылуы. Сондықтан да әскери қызметшілердің көбі отбасымен бірге келді.
«Әскери қызметшілер осындай іс-шаралардан тыс қалған емес. Қаламызды әсем де әдемі қылу үшін біз бүгін отбасымызбен сенбілікке шықтық. Біз өз үлгімізбен балаларды еңбекке баулимыз. Бұл жақсы дәстүрге айналды. Өз қалаңа, өз еліңе деген сүйіспеншілік ауланы тазалап, ағаш отырғызудан бастау алады», - деп 55765 әскери бөлімінің өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары қызметінің бастығы старшина Ғалел Тәуекелов әңгімелейді.
Жалпы 11 және 18 сәуірде өткен алғашқы көктемгі сенбіліктерге бүкіл елімізде Қазақстан Қарулы Күштерінің 37 мыңға жуық әскери қызметшісі және олардың отбасы мүшелері қатысты. Олар 32 мыңнан астам ағаш көшеттерін отырғызып, гүл екті. 319 гектар ауданды алып жатқан аумақ жиналды.