Бүгін елімізде Рухани келісім күні атап өтіледі

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде Рухани келісім күні аталып өтіледі. 1992 жылдан бері мерекеленетін атаулы күннің маңызы зор. Өйткені 17 конфессия мен 140 ұлт өкілі тұратын еліміз үшін рухани келісім, тұрақтылық пен татулықтың орны бөлек, деп жазады astana.kz.

«Осы мерекеге орай республиканың түкпір-түкпірінде дөңгелек үстел жиындары, конференциялар, одан бөлек діндар адамдар өздерінің шіркеулерінде бұл мәселеге байланысты кездесулер өткізеді», - дейді Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы Талдау жұмысы бөлімінің басшысы Азамат Жетпісбаев.

Қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қойып, қайырымдылық пен көмекке шақыратын, сыйластық пен бірлікті арттыратын мерекенің маңызы жыл сайын артып келеді. Тіпті, өзге дін өкілдері де Рухани келісім күнін асыға күтетін көрінеді.

«Православ шіркеуі мен Қазақстан мұсылмандары басқармасының арасында әріптестік тығыз байланыс орнаған. Діни мереке күндері шіркеу, мешіттерді аралап, бір-бірімізге жақсы тілектер айтамыз. Бұл біріншіден адамгершілік қасиеттің жоғары көрсеткіші дер едім. Сонымен қатар, Президенттің алға қойған мақсаттарының орындалып, халықтар арасында мызғымас достық орнағанының белгісі»,- деп атап өтті Православ шіркеуі Астаналық округінің благочинныйі архимандрит Сергий (Карамышев С. Л.),

Қазақстан - тәуелсіз, зайырлы және демократиялық мемлекет. Десе де, өзара ынтымақтастықты күшейтуге негізделген жиындар көптеп ұйымдастырылады. Олардың бірегейі 2003 жылдан бері өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьезі. Сьезд зорлық-зомбылық, экстремизм және терроризм сияқты теріс көріністерді болдырмаудың алдын алуға зор ықпал етіп келеді.