Бүгін елордада күн ашық, ертең жаңбыр жаууы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мереке күндері елордада көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынды болады. Бұл туралы astana.kz сайтына «Қазгидромет» РМК-дан хабарлады.

Бүгін қалада күн ала бұлтты, жауын-шашынсыз болады. Оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысқан жел 9-14 м/с жылдамдықпен соғады. Түнде ауа температурасы 11, 13°С, күндіз 27, 29°С ыстықты көрсетеді. Ал жұма күні, 9 мамырда Астанада көшпелі бұлт шығады, түнде жаңбыр жауады. Солтүстік-батыстан, солтүстіктен 9-14 м/с жел соғады. Түнде ауа температурасы 6, 8°С, күндіз 18, 20°С деңгейіне жетеді. Сенбі күні, 10 мамырда елордада көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз болады. Солтүстік-шығыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғып, түнде ауа температурасы 3, 5°С, күндіз 15, 17°С деңгейінде қалыптасады деп күтілуде. Сонымен қатар, қысқа мерзімді болжамдар басқармасы дабылды ескерту таратты. Оған сәйкес, 9 мамыр күні түнде Қостанай, 9-10 мамырда Ақмола, Солтүстік Қазақстан, 10 мамырда Қарағанды, Павлодар облыстарының кей жерлерде 0-3 градус суық болуы ықтимал.