Форум барысында Мемлекет басшысы сөз сөйлейді деп күтілуде. Сондай-ақ, халықаралық бағдарлама қызметінің қорытындылары шығарылып, «Қазақстан - 2050» Стратегиясын іске асыру контексінде ұлттың бәсекеге қабілеттігін қалыптастырудың жаңа міндеттері айқындалады.
Форумға еліміздің өңірлерінен 1500-ге тарта стипендиат қатысады. Сонымен бірге ҚР Президенті Әкімшілігінің, Үкіметтің мүшелері, Парламент депутаттары, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың жетекшілері де атсалысады деп күтілуде.
Іс-шара барысында Вашингтон, Лондон және Шанхай қалаларымен тікелей көпір өткізу де жоспарланған. «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы 10000-шы куәлік те осы жиын аясында табыс етілмек.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Болашақ» стипендиясы елдегі ең танымал брендтердің бірі, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған маңызды «үздік жоба» болып отыр. Бағдарлама қолға алынған кезден бері 10025 стипендия тағайындалды. Түлектер саны 6015 адамды құрайды. Ал қалған стипендиаттар әлемнің 33 елінде оқуларын жалғастыруда.