16:24, 22 Наурыз 2009
Бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында «Наурыз шашуы» театрландырылған концерті өтті
АСТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Ұлыстың ұлы күніне орай бүгін елордадағы Президенттік мәдениет орталығында «Наурыз шашуы» атты театрландырылған концерт өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл шараның негізгі мақсаты - шығыс халықтарына тән тарихи тамырын тереңнен тартқан ежелгі мерекені кеңінен насихаттау, қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін көрсету арқылы рухани-эстетикалық мәдениетті қалыптастыру. Театрландырылған қойылым барысында көрермендер Қызыр ата, Алдар көсе, Тазша бала, Қожанасыр, Шығайбай, Бізбике сияқты аңыздық кейіпкерлермен жүздесіп, «наурыз көжеден» дәм татты. Көпшілік көріністерге Ұлттық дәстүрлер театрының әртістері мен орталық қызметкерлері белсене қатысты. Қойылымның сахналық безендірілуіне композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ермұрат Үсенов, сценарийін дайындаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы, бишілер тобының жетекшісі Әбдірасул Елекеев, суретші Ардақ Торғабылов, өлеңдерін жазған ақын Несіпбек Айтұлы көп еңбек сіңірді. «Наурыз шашуы» театрландырылған концертін Астанада тіркелген шетелдік елшіліктер өкілдері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтар тамашалап көрді.