Бүгін елордалық «Астана-Арена» стадионында Қазақстан-Хорватия матчы өтеді.

АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат - Бүгін, қазанның 14-інде  сағат 21.30-да  елордадағы «Астана Арена» стадионында Қазақстан-Хорватия матчы  өтеді,

деп    хабарлады Қазақстанның  Футбол  федерациясының баспасөз қызметінен.

Бүгін осынау  шараға орай   стадион жаққа  жаңа автобус бағыттары  ұйымдастырылады. Атап  айтқанда,   Қабанбай батыр даңғылы бойымен жүретін №10, 12, 43 автобустарға қосымша жаңа стадионға қарай 6 бағыт бойынша автобустар қатынайтын болады. Ал олардың бастапқы  жиналу нүктесі Гвардия, «Отан қорғаушылар» монументі, «Жастар» сарайы, Цирк және Бәйтерек маңы болмақ. Аталған маршруттардың жұмыс уақыты кешкі сағат 19-00-ден түнгі 00-30-ға дейін созылады. Сонымен қатар, аталған даңғыл бойынша   №18, 21, 30, 42, 115, 117 және Тұран даңғылы бойынша № 40, 41-ші автобустар «Астана Арена» стадионына дейін қатынайтын болады.

 Айта кетейік, 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өтетін Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Англия, Хорватия,  Украина,  Беларус және Андорра құрамаларымен бірге «Ғ» тобында сынға түсуде.  Біздің команда іріктеу кезеңі аясында бүгінге дейін  барлығы сегіз  кездесу өткізіп, соның екеуінде ғана жеңіске жетті, қалғандарында ұтылып қалды.  Сөйтіп олар  сегіз  ойыннан кейін 6 ұпай жинап, өз тобындағы алты команданың ішінде бесінші орында келеді.