НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 19 маусымда футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің он төртінші туры өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Он төртінші тур ойындарының барлығы бір күнге белгіленген.
Мамандар аталған турдағы басты ойын ретінде Қостанайдың «Тобыл» және Ақтаудың «Каспий» командалары арасындағы кездесуді атайды. Өткен жылғы ел чемпионы - «Тобыл» қазір турнир кестесінде бесінші орында тұрса, ақтаулық клуб көш басында келеді.
Аталған кездесу елорда уақытымен 21:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ, он төртінші турда «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тараз», «Қайрат» (Алматы) пен «Мақтарал» (Түркістан облысы), «Атырау» мен «Ақтөбе», «Тұран» (Түркістан) мен «Ақжайық» (Орал), «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Ақсу» (Павлодар облысы) клубтары кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық клубтардың UEFA лигасындағы қарсыластары анықталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.